Ағымдағы жылдың 23 қараша күні «Техникалық колледж» нысанында «Әлемдік технологияларды ескере отырып, Қазақстан Республикасында тік көлікті дамыту» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференция “Лифт шаруашылығы”Республикалық оқу- әдістемелік бірлестігі тарапынан ұйымдастырылды. Пленарлық отырыстың ашылуы Техникалық колледж басшысы Құрманқұлов Абай Барманкұлұлының құттықтау сөзінен басталып, шетелдік серіктестердің бейне құттықтауымен жалғасын тапты.
Аталған конференцияның арнайы қонақтары Германияның WTO GmbH компаниясының директоры Дэниел Сиерра және WTO компаниясының Қазақстандағы Аймақтық менеджері «WTO GmbH Қазақстан» Дмитрий Свидунович өз пікірлерін ортаға салып, саланың жақын болашақта даму жолдарын талқылады.
Қазақстан Республикасы лифт компаниялары қауымдастығының төрағасы Нұрлан Сарсембайұлы Кұттыбаев «Бизнес и колледж как стороны – партнеры» тақырыбында баяндама жасап, сапалы кадрларды дайындаудағы кейбір өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Сондай-ақ Оқу ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Үздіксіз білім беру институтының, Кәсіби білім мазмұнын трансформациялау зертханасының меңгерушісі Жанат Ахатқызы Раймбекова ТжКБ дамытудың басым бағыттарын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметтің әкімшілік ғимараттар дирекциясы қызметінің басшысы Анатолий Иванович Денисов қазіргі уақытта мамандарға қойылатын басты талаптар күшейтіліп және олардың жаңа технологиялардың өндірісте қолдана білуі , оқу орындары тарапынан жан- жақты зерделенуі тиіс деп өз ойын ортаға салды. Конференция алдына қойған мақсат міндетіне сәйкес тараптардың ынтымақтастығына тікелей ықпал жасады, республиканың барлық аймақтарынан келген 30-дан аса колледж басшылары қатысып пікір алмасты.