Біздің оқу орнымыз Ақмола өңіріндегі алғашқы орта арнаулы оқу орындарының бірі болып саналады. Биыл колледжімізге 85 жыл толып отыр. Осы мерейтойлық жыл аясында дәл сонша іс-шара ұйымдастырылуда. Колледждің құрылу және даму кезеңінен бастап білім беру үдерісінің берік іргетасы қаланды. Біздің түлектеріміз – техникалық бағыттағы түрлі салаларда еңбек етіп жүрген, сұранысқа ие білікті мамандар.

Біз бірнеше жылдан бері ірі кәсіпорындармен тығыз әріптестік орнатып келеміз, сондай-ақ елорданың бес ірі компаниясы бес мамандық бойынша шефтік қамқорлық жасап, білім беру үдерісіне белсенді қатысуда. Біз сол кәсіпорындар үшін білікті кадрлар даярлаймыз. Олар түлектерді жұмысқа қабылдап қана қоймай, өндірістік тәжірибеден өтуге де жан-жақты қолдау көрсетеді. Үздік студенттерді жұмыс берушілер бірден жұмысқа қалдырады, ал дуальды оқыту аясында барлық түлектер жұмыспен қамтылады.
Колледж еңбек нарығында сұранысқа ие, тапшы мамандықтар бойынша мамандар дайындайды. Біз үшін түлектердің саны емес, олардың сапасы маңызды. Осы ретте заманауи жабдықтар, толық жабдықталған зертханалар және білікті кадрлар аса маңызды рөл атқарады.
Колледжде сандық бағдарламалық басқаруы бар фрезерлік және токарлық станоктар орнатылған. Бұл мамандық бұрын «токарлық іс» деп аталса, қазір «сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктардағы бағдарламалық қамтамасыз ету операторы» деп аталады. Студенттер бөлшектерді дайындау үдерісінің басым бөлігін MasterCam немесе Sinutrain сияқты компьютерлік бағдарламалар арқылы орындайды. Арнайы тапсырмалар беріліп, G-кодтау арқылы болашақ бұйымның жобасы жасалады. Бұл медициналық протездер, қозғалтқыш бөлшектері және басқа да өнімдер болуы мүмкін. Олар металл мен пластикке қатысты барлық бұйымдарды өндіреді.
Қазіргі таңда колледжде шамамен 800 студент білім алуда. Жыл сайын орта есеппен 200 түлек оқу ордасын аяқтайды. 85 жыл ішінде колледжде кадр даярлаудың өзіндік дәстүрі қалыптасты, және бүгінде бұл дәстүрді заманауи талаптарды ескере отырып, директор Абылай (Абай) Құрманқұловтың жетекшілігімен оқытушылар ұжымы табысты жалғастырып келеді.

Оқу орнын аяқтағаннан кейін көптеген түлектер еліміздің және шетелдің жоғары оқу орындарында білімін жалғастырады. Соңғы жылдары университеттерге, соның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарына түсетін студенттердің үлес салмағы артқаны байқалады. 2023 жылдан бастап біз Германияның Сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық орнаттық. Неміс мамандары жыл сайын колледжге келіп, техникалық пәндер бойынша сабақтар өткізеді. Қазақстанда осындай оқыту тәсілін қолданатын жалғыз колледж — біздің колледж. Бұл көптеген факторлар бойынша жұмысты жеңілдетеді, өйткені студенттерді шетелге оқуға жіберу колледж үшін әлдеқайда қымбатқа түседі.

Биыл техникалық колледждің студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетел мемлекеттерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Өндірістік оқыту шеберлерінің бірқатары Қытайда, Грузияда және басқа да елдерде халықаралық тағылымдамадан өтті.
– 2021 жылдан бастап колледждерге білім беру траекторияларын құруда академиялық еркіндік берілді, – деп атап өтті колледж директоры. – Бұл оқу бағдарламаларын әзірлеуге үлкен көмек болды. Жұмыс берушілер кадр даярлау үдерісіне ықпал ете алатынын түсініп, бірлескен дайындық мүмкіндігін тиімді пайдалана бастады.
Студенттердің академиялық мобильдігіне келсек, ол жалпы білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Бізде тамаша ұжым бар, ал ортақ мақсатымыз – оқу үдерісін сапалы ұйымдастырып, студенттеріміздің табысты мансап құруына көмектесу.Жақсы мысалдар да бар. Мәселен, «машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша колледжді тәмамдаған түлегімізді өндірістік оқыту шебері ретінде жұмысқа қалдырдық, оны шетел елдерінде оқыттық. Сондай-ақ колледждің бұрынғы студенті, қазіргі қызметкері WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионы болып табылады және биыл БАӘ-де НАО «Талап» ұйымдастырған халықаралық жарыста үшінші орынға ие болды.
Айта кету керек, WorldSkills жарыстары студенттердің мінезін қалыптастырып, шеберлігін шыңдайды, ал олар үшін бұл – өмірге берілген үлкен жолдама!
Техникалық колледжде салауатты өмір салтын насихаттауға, дене белсенділігіне ерекше көңіл бөлінеді. Біз футзалдан ұлттық құрама сапында ойнайтын ойыншылары бар өз футбол командамызды мақтан тұтамыз. 2023 жылы колледж студенттері арасында Лига құрып, халықаралық турнир өткіздік. Жыл сайын ел және қала деңгейінде кемінде екі-үш чемпионат ұйымдастырамыз. Биылдан бастап Астана қаласының Футбол федерациясымен бірлесіп жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз.
«Жастар спортын дамытуға көрсеткен қолдаулары үшін Астана қаласы Футбол федерациясының президенті Батыр Әлиевке және Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сеңғазыевке шынайы алғысымызды білдіреміз», – дейді Абай Барманқұлов.
Өз қызметі барысында Техникалық колледж 20 мыңнан астам бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлады. Алда студенттерді оқыту, дамыту, білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған көптеген мақсаттар тұр. Бұл ретте басты міндетке ерекше назар аударылады — түлектерді тек кәсіби қызметке ғана емес, сонымен қатар қазіргі қарқынды өзгеріп жатқан заманауи өмірге де бейімдеп даярлау.







Молдир МЫРЗАЛИЕВА,
Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ МКК «Техникалық колледжі» оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары



